Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін конституциялық нормалардың күші жойылған. Бұл туралы Конституциялық соттың 2023 жылғы 11 қаңтардағы қауылысында атап көрсетілді, деп хабарлайды Elnews.kz.
Парламенттің бір топ депутаты жақында Конституциялық сотқа Ата Заңның 62-бабының 4-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтініш жолдаған болатын.
Халық қалаулылары өтініште «Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма?» деп сұраған-ды.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтті. Референдум нәтижесінде Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі мен өкілеттігі, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігі, Конституциялық Кеңеске ғұмыр бойы мүшелігі, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтары – мәртебесінің өзгермеуі, қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауы Конституциядан алынып тасталды.