Көпбалалы отбасыларға 2 пайыздық ипотека беру мамырдың аяғында басталады. Бұл туралы «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне осы бағдарлама бойынша өтінімдер көптеп түсуде.
Бұдан бөлек, бірқатар облыстардың, елорда мен Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тұрғын үй сертификаттарын бөлу ниетін білдіріп отыр. Бұл өз кезегінде арнайы әлеуметтік көмек ретінде жасалмақ. Тұрғын үй сертификаты кезекте тұрған отбасыға беріледі және оның сомасы 1 млн теңгеге дейін болады.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, құжат тапсыру кезінде әрбір отбасы тұрып жатқан қаласындағы әкімдігіне барып, «Көпбалалы отбасы», «Мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп жатқан отбасы», «Толық емес отбасы» санаттары бойынша кезеке жолдама алады. Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында көпбалалы отбасыларға баспананы 2-3 пайыздық несиемен беру шаралары мамырда басталатыны айтылды.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 проценттік ипотека беру мәселесін қарыстыруды тапсырған болатын. Аталған несие нақты үш категорияға берілуі керек. Олар - көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар.